«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі»    Акционерлік қоғамның еншілес ұйымы 

Павлодарда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 106 салымшысы «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында пәтер кілтін алды

25 Августа 2017
Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшылары қоныс тойын тойлауда.

 

«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 9 қабатты екі үй пайдалануға беріліп отыр. Бір шаршы метрінің бағасы 140 000 теңгені құрады. Баспанаға ие болу үшін банк клиенттеріне пәтер құнының 30%-на тең соманы есеп-шоттарында жинау керек. Жетпейтін қаражатты ТҮҚЖБ жылдық мөлшерлемесі жеңілдікті 5%-ды құрайтын заем түрінде береді.

Жаңа пәтер иелеріне кілтті облыс әкімі Болат Бақауов пен ТҮҚЖБ Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Байылов тапсырды.
- 100-ден аса адам Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ақша жинап, бүгін міне өз пәтерлеріне қол жеткізіп отыр. Бұл мемлекеттік қолдаудың, сонымен қатар салымшылардың талап-еңбектерінің арқасында мүмкін болды. Олардың барлығы кезінде депозит ашып, тұрақты түрде ақша салып отырды. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Баспана» бірыңғай тарифтік бағдарламасын іске қосу арқылы бұл істі бұрынғыдан да жеңілірек және тиімдірек ете түсті. Енді банк салымшылары қанша жыл ақша жинап, қандай пайызбен тұрғын үй заемын алатындарын өздері шешеді», - деп атап өтті Талғат Байылов.

Жаңа үйге ие болған Недилько отбасы бағасы 8,4 млн теңге тұратын екі бөлмелі пәтер үшін 6 жыл бойы ақша жинаған. Осы уақыт ішінде барлығы 4,2 млн теңгенің басы құралған екен. Жетпейтін соманы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 6 жылға тұрғын үй заемы түрінде береді. Несие бойынша ай сайынғы төлем шамамен 68 000 теңгені құрайды.

- Шынымды айтайын, үйге деп ақша жинап жүргенде оңай болған жоқ. Пәтер жалдадық, екі баланы асырау керек, банкке де ақша салып тұрдық. Бірақ біз жұмыстан қорықпаймыз, еңбек етіп, мақсат қойып, нық сеніммен өмір сүрдік. Себебі депозит ашар алдында есептеулер жүргізген едік. Нәтижесінде басқа банктерден ипотека алсаң, үстінен тағы бір пәтердің бағасын қосып төлейтініңді анықтадық. Ең төмен мөлшерлеме Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде болды, бұл біз үшін маңызды еді, - дейді банк салымшысы Наталья Недилько.
Қазіргі уақытта Павлодар облысының әрбір 15-тұрғыны үйге деп ақша жинайды. Жинақ қорының жалпы сомасы 21,6 млрд теңгені құрайды. Олар үшін жақын уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі бойынша қолжетімді бағамен тағы 755 пәтер салынатын болады.

Сонымен қатар аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жеке тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Қазір арнайы осы жоба үшін Павлодарда, Ақсуда және Екібастұзда 1 430 жер телімі бөлініп отыр.

қайтару